1957 жылы Мәскеу түсті металдар және алтын институтын тәмамдап, 1964 жылы кандидаттық, 1971 жылы докторлық диссертацияларын үздік қорғады.
Экономика профессоры, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі.
Республикаға еңбек сіңірген ғылым қайраткері, Шоқан Уәлиханов атындағы сыйлықтың лауреаты.
Еңбек жолын 1958 жылы Ұлттық ғылым академиясының Экономика институтында бастады.
1980 -1994 жылдары Ұлттық ғылым академиясының Өндіргіш күштерді зерттеу кеңесін басқарды. Оның ғылыми жетекшілігімен ірі жобалар іске асырылды: Арал теңізін сақтау және Арал өңірінің экологиялық тепе-теңдігін қалпына келтіру Мемлекеттік бағдарламасы; Іле-Балқаш өңірінің экологиялық жағдайын жақсарту және әлеуметтік-экономикалық дамыту жүйесін айқындайтын Республикалық «Балқаш» бағдарламасы; Каспий теңізінің жағалау аймағындағы халық шаруашылығы нысандары мен елді мекендерді қорғау жобасы; 2015 жылға дейін Қазақстанның ғылыми-техникалық және әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді болжамы және т.б.
1996 жылдан бастап Әлеуметтік экономика және қаржы институтын басқарды.
Қазіргі заманауи бағыттар бойынша бірнеше ғылыми салалардың негізін салушы, атап айтқанда: инвестиция тиімділігі; ғылымды дамыту және оның ішінде экономика саласы; жаһандану жағдайындағы ақша-қаржы жүйесінің орнығуы; әлеуметтік экономиканың Гармониясы, және т.б.
2013 жылы «Қоғам мен экономика (әлемдік парадигма)» ғылыми еңбегі авторлық құқығына ие болды.
2014 жылы «Әлеуметтік-экономикалық Гармония заңы» атты ғылыми жаңалығы үшін дипломмен марапатталды.
1990-1995 жылдары академик Баймұратов Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланды,
онда қаржы, бюджет және банктер Комитетін басқарды, Жоғары Кеңестің Координациялық кеңесінің мүшесі болды.
Осы уақыттарда КСРО Жоғарғы Кеңесі Республикасы Кеңесінің Төрағасының орынбасары ретінде Қазақстан атынан
өкілдік етті.
ТМД мемлекеттер парламентаралық Ассамблеясының тұрақты комиссиясының мүшелігін қоса атқарды.
Академик Баймұратов қазіргі Қазақ мемлекеттілігін дамытуға, оның Егемендік декларациясын, бірінші Конституциясын, Салық және Кеден кодекстерін, Меншік және Ұлттық банкi, Банктер және банк қызметі туралы заңдарды және басқа да көптеген актілерді дайындап қабылдауға, нарықтық қатынастарға көшудің алғашқы мемлекеттік бағдарламаларын әзірлеуге белсене қатысты.
Ол сонау 1990 жылы Қазақстанның егемендігі, нарықтық қатынастарға көшу және ұлттық валюта «теңге» туралы триада идеясын негіздеп, баспа арқылы жариялады.
Әр жылдары Қазақстан ғылыми және инженерлік бірлестіктер одағының президенті, Қазақстан Журналистер одағының, Ғалымдар одағының мүшесі болды. Ғылыми кеңестерді, кітаптар мен жорналдардың редакциялық алқаларын басқарды, оның ішінде «Аймақтың экономикасы» жорналының Халықаралық кеңесінің мүшесі, «Аудит» халықаралық ғылыми-практикалық жорналының редакциялық мүшесі болып тағайындалған.